Жаңалыктар - Страница 14 - Форум
SITE LOGO
Понедельник, 05/Декабрь/2016, 05:22
Приветствую Вас Гость | RSS
 
Главная Жаңалыктар - Страница 14 - ФорумРегистрацияВход
[ Новые сообщения · Участники · Правила форума · Поиск · RSS ]
Страница 14 из 14«12121314
Модератор форума: esmuhan 
Форум » Форум » КАЗАХСТАН ТАРИХЫ, История КАЗАХСТАНА » Жаңалыктар (күнделікті жаңалықтарды осы жерден таба аласыздар)
Жаңалыктар
esmuhanДата: Понедельник, 07/Апрель/2008, 20:16 | Сообщение # 196
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Кубаның Гуантанамо түрмесінде 5 жылдан астам қамауда болған қазақ жігіті Айтуғанның тағдыры
2000 жылдың күзінде діни білім алу мақсатында Алматыдан алдымен Пәкістанға, содан кейін Ауғанстанға барған Айтуған, 2001 жылдың күзінде Талибан билігіне қарсы батыс елдерінің коалиция күштері соғыс операциясын бастағанда, Ауғаныстанға енген АҚШ әскерінің қолына түседі.
Айтуған Бақбергенұлы Кубаның Гуантанамо түрмесінде 5 жылдан астам уақыт отырып, 2006 жылдың соңында Алматы облысындағы туған ауылына оралған.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 1977 жылы дүниеге келген Айтуған Бақбергенұлы отбасындағы 11-ші бала екен. Ауылда орта мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, 1995 жылы әскер қатарына шақырылған ол 2 жыл азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін 3 жылдай ауыл мен Алматының арасында жүргенде діни білімге ынтығы ауа бастады деп еске алады Айтуғанның анасы Әтихан әжей:
- Бізге Алматыда діни оқу бар екен, сонда барып оқимын деп кетті. Оның кетіп қалатынын білмедік. Әкемнен қалған пұл болса, беріңдер деп қолқа салды. Оған бере қоятын артық-ауыз ештеңе болмады. Қолымда тағы бір ұлым тұрады. Оның да үш баласы бар. Менің зейнетақыма күн көріп отырмыз ғой. Мен оған жұмыс істе, ақша тап деген едім. Сонымен не керек, бір күні кетіп қалпты ғой.
Айтуған болса діни білім алу үшін, өзінің үй-ішіне айтпастан, 2000 жылдың 4 қыркүйегінде шетелге жол тартқанын айтады:
- Биссимиллаһи рахмани-рахим! Алғаш Алматыдан Пәкістанға шығып, сол елден Ауғанстанға жол тарттым. Бұл елдерге барудағы мақсатым - діни білім алу, имандылыққа бет бұрып, намазды толық меңгеру еді.
Өзінің тірі екенін Айтуған арада тек жарты жыл өткен соң ғана туыстарына хатпен білдіріпті.
- Бастапқыда менің қайда екенімнен отбасым шамамен 7 айдай бейхабар болды. Кейінен хат алысып, хат берісіп, сәлемдеме жолдасып тұрдық, - дейді Айтуған.
Алайда баласының тағдырына алаңдаған анасы мен туыстары оған Қазақстанның заң орындары арқылы іздеу салады.
- Біраз адамдардан сұрастырып, іздестірдім. Суреті тарағаннан кейін бе, заң орындарынан адамдар келіп, менен ұлымның қалай, қайда кеткендігі жайлы сұрастырды. Кейін Қазақстаннан адамдар Гуантанамоға барып келіпті, сол жақта екен деп естідік қой, - дейді Әтихан әжей.
Осылайша, анасы мен туыстары Айтуған Кубаның Гуантанамо түрмесінде қамауда отырғанын бір-ақ естиді. Айтуғанның өзі Гуантанамо түрмесіне қалай тап болғанын былайша түсіндіреді:
- Гуантанамоға өз ықтиярыммен барғаным жоқ. Ауғанстанның Кабул қаласында жүргенде американдықтар тарапынан басымшылық болды. Мені қару-жарағы болды деген күдікпен ұстап алып кетті. Мен өз басыма жауап берейін: менде қару-жарақ болған жоқ. Мен діни білім алу үшін жүргем ол елде. Намаздың өзі бірталай білімді талап етеді ғой. Кубаға Қазақстаннан 4 адам күшпен бардық. Гуантанамо түрмесінде 5 жыл 1 ай отырдым.
Қазақстаннан діни білім алуға Пәкістанға аттанғанда Айтуған 23 жаста екен. Ол арада аттай 6 жыл 3 ай уақыт өткен соң ғана Отанына оралыпты. Содан бері көпшілік ортадан оқшау тірлік кешіп жатқан 30 жастағы жігіт көп уақытын діни әдебиеттерді оқумен өткізеді екен. Туыстары Айтуғанның бұрынғы қалпынан қатты өзгергенін айтады. Олар бұны Гуантанамо түрмесінің салдары болар деп санайды.
- Американдықтардан басымшылық көріп, күшпен Кубаға бардық. Қанша айтқанмен, түрменің аты түрме, ол жердің өз заңы бар. Артық әрекет қылмайсыз, артық сөйлемейсіз. Гуантанамо түрмесіне бір кірсеңіз одан не ез, не ер болып шығасыз. Ені 2 метр, ұзындығы 3 метр темір тордың ішінде жүру оңай емес. Түрмеде 24 сағаттың 2 сағаты ғана серуенге арналған. Күннің көзін тек сонда ғана көресіз, бірақ ондағы күннің нұры біздегіге жетпейді. Қалған 22 сағат күн көзі түспейтін қапаста өтеді, - деп еске алады Айтуған.
 
esmuhanДата: Понедельник, 07/Апрель/2008, 20:17 | Сообщение # 197
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Гуантанамо түрмесіне қамалған Айтуған Ауған жерінде қолына қару алып, ұрысқа қатысты деп өзіне тағылған айыптарды жала дейді. Ол түрмеде отырған кезде ешқандай адвокат кезіктірмегенін айтады. Адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар Гуантанамо түрмесіндегілердің «тұтқын» деген мәртебеден жұрдай боп, ешқандай қорғаусыз жағдайда қамауда отыруы халықаралық заң талаптарына қайшы масқара жайт екеніне әлем жұртшылығының назарын аударып, АҚШ үкіметін қатты сынаған болатын.
Әлем баспасөзінде Гуантанамодағы тұтқындардың түрмедегі жағдайға наразылық танытып бірнеше аштық жариялағаны жазылды. Ал, кейінірек сол түрмеден босап шыққан кейбір адамдар тұтқында отырғанда американдық әскерилер өздеріне қарсы азаптап-қорлау әдістерін қолданғаны туралы мәлімдемелер жасады. Құрама Штаттар әкімшілігі бастапқы жылдары әлгіндей айыптауларды жоққа шығарып келсе, 2006 жылы қыркүйекте Конгресс қабылдаған «Әскери комиссиялар туралы» заңда Гуантанамодағы шетелдік тұтқындарды тергеу тәртібі белгіленді. Алайда халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар бұл заң тұтқындағылардың құқығын өрескел шектейді, олардың ісін әділетті сотта қаралуын қамтамасыз етпейді деп АҚШ билігін сынап келеді.
Биылғы қаңтар айында АҚШ-тың апелляциялық соты Гуантанамо түрмесінде бұрын қамауда болған 4 ағылшын азаматының АҚШ қорғаныс министрлігі - Пентагонның үстінен берген шағым-арызын қанағаттандырмай тастады.
Айтуған болса, Гуантанамо түрмесіндегі әлгіндей қысым, зомбылық туралы жайттарды еске алғысы келмейді:
- Зорлық-зомбылық көрдім деп айтқым келіп тұрған жоқ. Неге десеңіз, ол заңдылық. Ондай бұрыннан да болып келген, әлі де болады. Ешкімнен қысымдық көрдім деп, ақы сұрамаймын. Сауабын Жаратқан иенің өзі береді.
Айтуған қапастағы уақытты түрмедегі өзге тұтқындар секілді өзі де бес уақыт намазға жығылып, жаратқанға құлшылық етумен өткізгенін айтады:
- Түрмедегілердің бәрі Ислам дінінде. Азан шақырады, намаз оқиды, ораза ұстайды. Қолдарынан келгенше, қабілеті жеткенше Аллаға құлшылық қылады. Гуантанамо түрмесінде өзге 41 елдің адамдары болды.
Гуантанамо түрмесіне өзін қанша уақытқа қамауға алғанын білмеген Айтуғанға түрмеде өткізген 5 жылдың ішінде Отаны Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің өкілдері үш мәрте жолығыпты. Ол өзінің бостандыққа шығатынын да аяқ астынан естіпті.
- Гуантанамо түрмесінде бәлендей уақыт боласың деп, ешкім маған уақытты кесіп бермеді. Мен түрмеден шығатынымды кетердің алдында, 5-6 күн бұрын ғана естідім, - дейді ол.
Айтуғанмен бірге Гуантанамо түрмесінде қамауда болған тағы 3 адамның 2-і оның ауылдастары екен. Оның біреуі әлі сол түрмеде отыр. Ал Айтуған тағы бір ауылдасы және Шымкенттік бір жігітпен бірге 2006 жылғы желтоқсанның 16-күні Алматыға ұшақпен жетіпті. Алты жылдан астам уақыт Отанынан жырақта болған баласының үйге келген сәтін анасы Әтихан әжей былайша еске алады:
- Ұлым келгенде үстіндегі киімі тым жұпыны болды. Аяғында, әлгі бізде «кета» дейтін спорттық аяқ киім ғана...
Анасы жұпыны киіммен оралған ұлының денсаулығында да кінәрат бар екенін байқапты, кейін оны Айтуғанның өзі мойындапты.
- Басында денсаулығым жайлы айтпағанмын, тәуірмін деген едім. Негізі суық өткен. Ол жақта біраз ем қабылдадым, - деп қана, өз денсаулығы жайлы тым сараң сөйлейді Айтуған.
Жанашырлар Айтуғанды Алматыға апарып, білікті маманға қаратуға кеңес бергенімен, қазір отбасының оған шамасы келмей отырғанын айтады Әтихан әжей:
- Келгеніне 1 жыл 4 ай болды, содан бері үйде. Жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды. Бірақ, құдайға тәуба, биыл денсаулығы былтырғы жылға қарағанда тәуір. Енді оны дұрыстап дәрігерге де қарата алмай отырмыз ғой.
Ал, Айтуған болса 6 жылдан астам уақыт шетте жүргеніне өзінің өкінбейтінін айтады. Тек сол сапарда көргені жайында былайғы жұртқа айтуды қаламайды.
 
esmuhanДата: Пятница, 16/Май/2008, 14:59 | Сообщение # 198
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Мерекеге толы мамыражай мамырда ауыс-түйістер төңірегіндегі сыбыс шындыққа айналды. Осыдан бір-екі ай бұрын сыбыстың астында қалған Шығыс Қазақстан және Қызылорда облысының әкімдері ауысты. Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед араға бес жыл салып Мәдениет және ақпарат министрлігіне қайта оралса, бұрынғы министр Ермұхамет Ертісбаев тұп-тура екі жыл 4 айдан кейін Елбасының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметіне қайта тағайындалды. Дуалы ауыздардың сөзін бақсақ, сәтті тағайындаулардың арқасында маңызды орынтақтар лайықты иелерін тапты.
Халыққа жақын әкімдер
Соңғы кездері аймақтардағы биліктің жергілікті әкім-қаралардың қолына өтуіне қарағанда «әкімдер тек орталықтан тағайындалуы тиіс» дейтін қағиданың көбесі сөгіле бастағандай. Аймақтарға аттанып кеткен білікті де, сенімді кадрлар әкімдік миссиясын сәтті атқарып, Ақордаға қайта оралып жатыр. Бәлкім, бұны Ақорданың білікті басшы кадрларға деген ділгірлігімен түсіндіруге болар. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Жәнібек Кәрібжанов бос қалған депутаттық мандатты иеленіп қана қоймай, бірауыздан Мәжіліс вице-спикерлігіне сайланды. Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ермұхамет Ертісбаевтың орны­на барды. Жәнібек Кәрібжановтың орнына оның бірінші орынбасары қыз­метін атқарған семейлік Әділғазы Бергенов тағайындалса, киелі Сыр өңірінің басшылығына әкім айдаладан келген жоқ, сол аймақтың тумасы Болатбек Қуандықов келді. Айта кету керек, қазіргі кезде облыс әкім­дерінің басым көпшілігі сол өңірлердің шаңына аунап өскен төл тума­лары болып келеді. Кезінде жұрт алдындағы беделді саясаткерлердің ғана қолы жететін әкімдік орынтаққа көпке аты белгісіз шенеуніктер келе бастады. Көп жағдайда жергілікті жұрт әкімнің айдаладан емес, өз ортасынан қайнап шыққанын қалайды. Алайда облыс әкімдігіне жергілікті кадрлардың келуінің тиімді және тиімсіз тұстары жоқ емес. Тиімді жағынан келсек, өңірдің ұңғыл-шұңғылын білетін, түбі бір төл пер­зент халыққа жақын әкім болмақ. Ал тиімсіз жағы, жергілікті әкім руара­лық-туыстық тартысқа бой алдырып кетіп, сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңге кетуі мүмкін.
Айтпақшы, Елбасы Өкімімен Мәжіліс депутаты Асқар Бейсенбаев Президенттің Парламенттегі өкілі болып тағайындалуына байланысты депутаттық мандаты мерзімінен бұрын тоқтатылды. Енді тағы бір мандат бос қалды. Бес жыл бойы халық сенімін арқалап шығуға тиісті Парла­мент қабырғасында тосын ауыс-түйістер белең алып бара жатқандай.
 
esmuhanДата: Пятница, 16/Май/2008, 15:00 | Сообщение # 199
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Бұлбұлдар бағында
Саясат үшін қайта тағайындаулар мен қайта оралу құбылысы таңсық емес. Мәселе қайта оралуда емес, кадрдың уақыт қойған талап үдесінен шыға білуінде болса керек. Бізді қойғанда, Путиннің өзі араға сегіз жыл салып баяғы премьерлік ауылына қайтқан жоқ па. Әсіресе, министр Ертісбаевтың «ерліктері» мен айқай-дабырасы БАҚ беттерінде өшпес жырдай жатталып қалары анық. Соңғы екі жыл төрт айда журналистер ғана емес, қалың көпшілік Ертісбаевтың саясаттағы сан хикаяларына куә болып үлгерді. Өзімен әуені келіспегендерді не демеді, «алаяқтар», «кәсіби сауатсыздар», «жексұрындар», «екіжүзділер», «телекиллерлер» деген айдар тағып, қарапайым БАҚ өкілдерімен соттасып, жаға жыр­тысуға дейін барды. Баяғыда «Ақ жол» партиясының бес бірдей сер­кесімен жалғыз өзі тайталасқа шығып, дес бермеген Ертісбаевқа «төртінші билікпен» тартысу соншалықты қиынға соқпады. Журналистер одағы, «Әділсөз» қоры, «Время» газеті, «Эра-ТВ» телеарнасы, Дариға Назарбаеваның да шымбайына батып кетіп, талай мәрте соттасып, олар «мазасыз» министрдің отставкіге кетуін талап етуге дейін барды. Ертісбаевтың аңдаусызда айтып қалатын сөздері тіпті Үкіметтің беделіне нұқсан келтіретінін ойлаған премьер Кәрім Мәсімов тікелей эфир үстінде «Эра-ТВ» журналисінен министр басымен кешірім сұрауға кеңес берді. Ертісбаев кейінірек тілшіден ауызша кешірім сұрауға мәжбүр болды. Сөйткен Ертісбаев Қазақстан тарихында ең «мінезді» министр ретінде жұрт есінде қалды. Қалай дегенмен, Ертісбаевтың министрлігінен гөрі кеңесшілігі пайдалы екендігінде дау жоқ. Басы қанша дау-дамайға іліксе де, аман-есен екі жылдан астам уақыт бедерінде біраз шаруаның басын қайырыпты. Төбел топ дәргейіндегі КТК-ға құрық салды, «Хабарды» мемлекетке қаратты, ақпараттық кеңістікті Рахат Әлиев әсерінен ада қылды, аз-маз қазақша тіл сындырып үлгерді, сөйтіп, өзіне жүктелген миссияны орындап шықты. Алайда қанша талпынғанмен ақпараттық кеңістікке қазақы қан жүгірте алмағаны, тағы да «БАҚ туралы заңның» бағын байлағаны жасырын емес. Саясаттанушылардың сөзін бақсақ, Ертісбаевтың кеңесшілікке қайта оралуы Қазақстанның ЕҚЫҰ алдындағы имиджін көтеруге игі ықпалын тигізбек. Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ертісбаевтың Елбасының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі және саяси стратегияны іске асырушы белсенді идеологы ретінде бір­қатар саяси науқандарды бастау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Тіпті, мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауы туралы сыбыс ақиқатқа айналып жатса, оның астарын алыстан іздемей-ақ қойыңыз. Қалай дегенмен, Ертісбаевтың жүздеген қызметкерден тұратын министрлікті басқарға­нынан Елбасы қасында 16 миллион халықтың тағдырына қатысты ақыл-кеңестерін ұсынғаны әлдеқайда пайдалы болары сөзсіз. Ал кейбір сарап­шылар Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Мәдениет және ақпарат министрлігі басшылығына қайта оралуын Ақорда мен «төртінші билік» арасындағы суып қалған қатынасқа жылымық әкеледі деп бағалап отыр. Қарапайым халық, зиялы орта мен журналистер қауымы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қайта оралуын жақсы қабылдады. Халыққа жақын әкім болған Мұхтар Құл-Мұхаммед ұзақ жылдар Елбасының сенімді серігі ретінде қызметін абыроймен атқара білді. Елбасының кеңесшісі, Сенат депутаты, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, Президенттің бас­пасөз хатшысы, бұл лауазыммен қоса Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қызылорда облысының әкімі және Қазақстан Президентінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнайы өкілі қызметін тәуір атқарды. Әу баста қазақтың ғана маңдайына біткен қайталанбас айтыс өнерінің жаңа деңгейге көтерілуіне демеушілік қылып, ұлттың жанашыр азаматы ретінде жарқырап көрінді. 2001-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі бола жүріп БАҚ пен Елбасы арасында алтын діңгек орнатып, ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдің мәртебесін кө­теруге күш салды. Биылғы көктемнің басында Сырдың суы тасыған кезде аймақты аралауға шыққан Қызылорда облысы әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед мінген «Ми-8» тікұшағы апатқа ұшырады. Тікұшақ апатында қайғылы қаза орын алып, Құл-Мұхаммед өзінің жарақаттанғанына қарамастан зардап шеккендерге жанұшыра көмек көрсетіп, нағыз азаматтық пен ерліктің үлгісін көрсете білді. Осындай азаматтың мәде­ниет және ақпарат саласы басшылығына келуімен қазақтілді БАҚ-тың қарымы кеңейіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтайтынына күмән жоқ.
 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 11:43 | Сообщение # 200
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Халық тұңғыш рет әкіміне араша түсті

Облыс орталығынан тым алыс жатқан Созақтан телефон соғылды.
– "Айқын" газетіне айтпағымыз бар еді. Ел жиналып күтіп отыр. Халық ақыны Әселхан Қалыбековаға да айттық. Ол жолда күтіп тұрады. Ала келіңіз, – деген асығыс әңгімені кілт үзуге тура келді.
– Өзіңіз кімсіз? Не болып қалды? Дұрыстап түсіндірсеңізші, – дедік.
– Келген соң түсінесіздер ғой. Мен – Нұржамалмын. Есіңізде болар, он бес жыл трактор айдағанмын. Сіз де трактор айдағансыз. Талай жиындарда кездестік. Көрсеңіз танисыз мені. Ал шаруаға келсек, әкімімізді қорғайын деп жүрміз, – деді.
Гүрілдеген дауысына қарап, "еркек" деп тұрғаным, баяғы нәзік тракторшы қыз болып шықты. "Тракторшы әкімді неге қорғайды?" деген сұраққа жауап іздеп, Әселханға телефон соқтым. – Сен білмейтін шығарсың. Нұржамалдың қорғайын деп жүрген әкімі – ауыл әкімі. Ол әкімді кезінде "Айқын" газетіне мақтап жазған екенсіңдер. Нұржамалдың сөзіне қарасақ, оны "құртқалы" жатқан көрінеді. Ал ел-жұрт әкімді жақтайды екен, – деді.
Сонымен Созаққа бағыт алдық. Жиналған ел алдында қалай жауап беруді білу үшін алдымен Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловқа бардық.
– Ондай әкім өзіме де керек. Барлық көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында келеді. Ауылдың жағдайы жақсы. Кезінде ауыл әкімі етіп өзім тағайындағанмын. Ел ішінен біреулер қайта-қайта арыз жазып, неше түрлі тексерулер келіп, әбден шаршап жүр. Қазір жұмыс істейтін адамға тыныштық болмайтын болды. Халықпен тіл табысып, елдің көңілінен шығып отырған әкімді қолдаймын да, қорғаймын да, – деді ол.
Аудан прокуроры Орал Монтаевқа да жолығып, "ауыл әкімінің біз білмейтін заңсыз әрекеттері бар ма" деп сұрадық.
– "Құмкент" ауылының әкімі жайлы ел жақсы пікірде. Ауданда рейтинг жоғары. Ешқандай заңсыз әрекеттерге барып отырған жоқ, – деді Орал да.
Шынында да, "Құмкент" ауылының әкімі Болат Айдарбеков "Айқынның" кейіпкері болып шықты. Газетте жыл басында "Әкім болсаң, Болаттай бол!" деген мақала жарияланған еді. Онда біз әкімнің қаһарлы қыста жоғалып кеткен қойшыны да, қойды да, үш жасар баланы да тапқанын жазып едік. Бірақ біз қаһарлы қыста мұнда жете алмағанбыз.
Тұрғындардың айтуынша, Болат Айдарбеков мұнда келісімен ауыл әкімдігінің ғимаратын қайта салуды қолға алған. Едені сынып, жер астына түскен екі бөлмелі ғимаратты бұзып, асарлатып, қазіргі заманға сай, жұрт ұялмай кіретіндей кеңсе етіп салған. Көпшіліктің ортасында балшық илеп, кірпіш тасып әкімнің өзі де бел ортада жүрген екен. Көктем шыға салысымен ауылға кіреберістен бастап үш шақырымдай жерге ағаш егіпті. Суы жоқ, жазық далаға тал өсіргенді де осы ауылдан көрдік. Қазір құмды даладан ауылға кіргенше жасыл желек жайқалып тұр. Одан соң жабылып жүріп мұражай ашқан, мәдениет ошағын жөндеп алған. Үлкен арықпен бұлақ басынан келетін су кешігіп келеді. Арықты қанша тазалағанмен жылдам өсетін балдырлар судың жолын бөгейді де жатады. Әкім бұған да жол тауыпты. Өз күштері келмеген соң, осы аймақта кен қазып жатқан жаңатастықтарға «ауылдың бір қажетін өтеп беріңдер» деп ауылға су келетін арықты бетондатыпты. Бұрын жиырма төрт сағатта келетін су он сегіз минөтте жетеді екен. Айтпақшы, ауыл өзіне имандылық үйін де салып алыпты.

 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 11:44 | Сообщение # 201
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Баяғы тракторшы қыз Нұржамал ауылда клуб меңгерушісі екен. Ауылдағы тақталарға ұлы адамдардың сөздерін, ұлт рухын көтеретін ұрандарды жазып тастапты. Биылғы жылы спорт сарайын бітірсек деген де арман бар ауыл адамдарында...
– Небәрі екі жылдың ішінде қыруар тірлік жасап, елді ұйымдастырып, қираған жерді қалпына келтірген әкімнің орны біреулерге керек болып жүр. Бүкіл ауыл бір жақ, екі-үш кісі бір жақ. Мына ғимаратты заңсыз салдырды дейді. Аудан әкімімен келісіп, жабылып жүріп өзіміз салдық. Бұл ғимаратты ауыл әкімі өзіне салып алған жоқ. Алты миллион теңгедей қаржымыз кетіпті. Аудан әкімдігі бұл ғимаратты үш миллион теңгеге бағалап, өз балансына алды. Сонда бұл әкім баланың елді ұйымдастырып, өз жыртық-тесігімізді өзіміз бүтіндеп алайық дегені дұрыс емес пе? Өз тірлігін өзі жасап, ауылын көркейтіп жатқан, жұмыс істеп жатқан әкім тексеруден көз ашпай, жұмыс жасаудан қалды. Көктем болса өтіп барады. Сондықтан әкімімізді қорғауға шықтық. Әкімге енді жарығанымызда әкетіп қала ма деп қорқып отырмыз, – деді тұрғындар.
Дәл осы сәт қыста үш күн жоғалып кетіп, ақтүтек боранда бүкіл ауыл аттылы, жаяу іздеп, әкім ағасы құтқарған үш жасар Нұрсұлтан келді. Біз мән-жайды қайта сұрадық. Ол кезде баланың аты Нұрсұлтан екенін де білмегенбіз. Тек «әкім үш жасар баланы құтқарды. Ықтасында жатыр екен» деп жазғанбыз. Ауыл ақсақалдары да, Болат әкімнің өзі де бұл баланың жай бала емес екендігін, көршінің балаларымен ойнап жүріп, ренжіп, «сендермен дос болмаймын» деп далаға шығып кеткеннен үш күн бойы жоғалып, бүкіл ауыл тік тұрғанын, үлкендердің өзі бет қаратпайтын аяз, қарда әбден шаршап, күдерлерін үзгенін, құйттай баланы енді тірі емес деп ойлағандарын, кейіннен осы әкімнің зорлауымен бәрі де қайта атқа қонғандарын, баланың ауылдан алты шақырымдай жердегі жырада кірпігі қимылдамай жатқан жерінен тауып алғандарын жыр қылып айтып берді. Нұрсұлтанды Құдай қорғапты. Боранда, аязда ашық далада қалған баланы тез арада аудандық ауруханаға жеткізіп, бір апта емдетіпті.
Созақтың даласында әкімін қорғауға шыққан абыз ақсақалдары бар ауыл – "Құмкент" ауылымен қимай қоштастық. Кіші әкімдер де, үлкен әкімдер де ел көңілінен шығып, халық "әкімімізді әкетіп қалмаса екен" деп, дәл осылай қорғап жатса, кәнеки...
 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 11:44 | Сообщение # 202
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Ентеровирус Қазақстанға да келді

Алматы облысының Алакөл ауданында, жақында Қытайдан келген бір азамат Enterovіrus-71 (EV71) инфекциясын жұқтырған деген күдік бар, деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктен.
Ауырып дәрігерлерге қаралған 27 жастағы Қытайда туған азамат Қазақстанға 26 сәуірде келген екен. Ауырған адамға алдын ала тексеру сараптамасы бойынша ентеровирустық инфекцияны жұқтырған деген диагноз қойылған. Қазір оны аудандық ауруханада бөлек боксқа жатқызып, ауруды қарау үшін арнайы медициналық қызметкерлер бекітілген. "Ауданда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандар анықталуда, тұрғындар арасында түсініктеме жұмыстары жүргізілуде. Бұл дерек жайлы облыс басшылары құлақтандырылды, қазір инфекцияның таралу жолдарын жою бойынша бірлескен шаралар жасалып жатыр" дейді Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің жедел мән беру департаменті бастығының орынбасары Александр Федоренко.
Enterovіrus-71 (EV71) инфекциясы Қытайдың орталық Аньхуэй провинциясындағы Фуян қаласынан басталған. Тіркелген 30 мыңға жуық науқастың көп ұзамай 22-сі көз жұмған. Қауіпті ауру 1998 жылы Гонконг аумағында тіркелген болатын. Ол кезде 129106 бала ауырып, оның 78-і қайтыс болған.
Enterovіrus-71 оңайлықпен залалсыздандырылмайды. Полиовирустар көкөністерде, сүт өнімдерінде 37 градус жылылықта 3-4 айға дейін сақталады. Ентеровирус инфекциясын тағамдар арқылы, үй мүліктері арқылы вирусты жұқтырған ауру адамдар таратады. Қан арқылы ентеровирустар адамды сал ауруына, энцефалиттік және асептикалық менингитке шалдықтыруы мүмкін. Вирусты жұқтырған адамның алдымен екі бетінде, еріндерінде, тілінде, тамағында ақшыл-қоңыр теңбілдер пайда болады. Екі-үш күн өткеннен кейін теңбіл адамның аяқ-қолдарына, алақанына жайылады. Әдетте дене ыстығы көтеріледі. Инфекция, әсіресе, 6-7 жасқа дейінгі балаларға тез жұғады. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды таза су ішіп, көкөністерді қайнаған сумен жуып жеуге, тазалық сақтауға шақырады.

 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 12:00 | Сообщение # 203
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Үй бағасы қашанға дейін құлдырайды?
Қазір баспана бағасы республиканың барлық аймағында біртіндеп түсіп келеді. Ең қымбат қалалардың қатарындағы Алматы, Астана, Ақтау, Атыраудың өзінде қазір жылжымайтын мүлік бағалары анағұрлым арзандаған. Мәселен, Алматыда өткен жылы бір бөлмелі екінші тұтынудағы пәтердің құны 100-150 мың АҚШ доллары шамасында еді, ал қазір қалтаңда 35 мың доллар болса, қиналмай баспанаға қол жеткізуге болады. Өткен жылдары қымбат бағаға ипотекалық несие бойынша пәтер алғандардың көбі бүгінде ол үйлерінен бас тартып отыр. Өйткені «Үйдің бағасы түсіп кетті. Мен не үшін банкке көп ақша төлеуге тиіспін» деген ой бірді-екілі адамның емес, көпшіліктің көкейінде тұр.
Осыдан бірер жыл бұрын «Пәтер жалдап, ақшамды біреудің қалтасына салып бергенше, одан да «өз үйім – өлең төсегім» деп арқаны кеңге салып жататын өз баспанам болғаны жөн» деген оймен қызмет орнынан еңбекақысын көтеріп көрсететін жалған анықтама жасатып, ипотекалық несиеге үй алғандардың көбінің бүгінде күнделікті тұтыну тауарларының күрт қымбаттап, инфляцияның ушығуы салдарынан төлем қабілеті төмендеді. Аздап жинаған қорлары да таусылды. Енді, амал жоқ, шындықтың бетін ашуға тура келді. Соңғы кездері банктер несие алушы тұтынушыларға талапты күшейтті. Бірақ енді бәрі де кеш. Бір кезде қымбатқа алған үйлерінен тұтынушылардың біразы бас тартып үлгерді.
Біз қалыптасып отырған жағдайдың қыр-сырын білу мақсатында және үй бағасының құлдырауы қашанға дейін созылуы мүмкін екендігін білмек оймен мамандарды әңгімеге тарттық.
Бейсенбек Зиябеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Елімізде үй бағасының түсуін кейбіреулер «Шетелде экономикалық дағдарыс болып жатыр. Соның себебінен» дейді. Меніңше, біздің өз ішімізде де себептер жетеді. Олардың бірқатары бізде қаржы, банк жүйесінде бәсекенің жоқтығы, ашықтықтың сақталмауы, кадрларға қойылып жатқан талаптың аздығы. Бұл – құрылысқа, одан тікелей үй бағасына да қатысты мәселе.
Ал бұл дағдарыс тағы бір-екі жылға созылуы мүмкін. «Біздің кінәміз жоқ» деп отыра берсек, бұл одан сайын кете береді. Ішкі проблемаларды шешіп, қорытынды шығару керек. Дағдарыс дегеннің өзі – «кесел». Кеселден айығу үшін оның ауру екенін мойындау керек. Қарапайым ғана мысал, маскүнем өз кемшілігін мойындамаса, ешқашан тоқтай алмайды ғой. Сондықтан қай жерден қате кеткенін әркім мойындауы керек. Сосын ғана тығырықтан шығуымыз мүмкін.
Айжан Күнтуғанова, риэлторлық компанияның өкілі:
– Тап қазір пәтер, жеке тұрғын үй бағасы біршама тұрақтанды. Қыркүйек айынан бастап қайта қымбаттайды деген де сыбыс бар. Бірақ қалай болғанда да мұны экономикалық ахуал, елдің тұрмыс жағдайы шешеді. Халықтың қолында осыдан біраз бұрынғыдай уыс-уыс ақша жоқ. Әрі адамдардың көбі жаппай қымбатшылықты ойлап, «әліптің артын бағып» отыр. Қазір қалталылар болмаса, тұрғындардың басым бөлігі қымбат үй, автокөліктен гөрі күнделікті тұрмысты көбірек ойлайтын халге жетіп қалды.
 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 12:07 | Сообщение # 204
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Ыстамбұлдағы Қазақ тілі орталығы өзінің алғашқы түлектеріне куәлік тапсырды
АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Ыстамбулдағы Қазақ тілі орталығы алғашқы түлектеріне күәлік тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің Тіл комитеті Қазақстанның Ыстамбұлдағы Консулдығымен бірлесіп 2007 жылғы қарашаның 21-інде ашқан болатын. Тіл орталығының алғашқы 20 оқушысына аталған курстан өткенідігі туралы куәлікті Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас Консулы Әбутәліп Ахметов табыс етті.
Оның айтуынша, бұл - шетелдегі қазақ диаспорасы үшін ашылған осындай алғашқы мекеме. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің шетелдік қазақтарға қолдау көрсету бағдарламасы аясында жұмыс істейтін бұл орталық диаспора жастарына ана тілін меңгерту бағытындағы ізденісін ұштай бермек.
«1991 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға келген тұңғыш сапары кезінде жас буынның ана тілін үйренуі үшін тіл орталығын ашуға өтініш айтылды. Оны ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің Тіл комитеті мен Қазақстанның Ыстамбулдағы Консулдығы бірлесіп іске асырды. Бүгінгі таңда балаларымыз қазақша сөйлеп, қазақша газет, кітап оқитын дәрежеге жетті. Осыны көріп, төбеміз көкке жеткендей болып отырмыз. Елбасына, Тіл комитетіне, Қазақстанның Ыстамбулдағы Консулдығына және сегіз ай балаларымызға ана тілін үйреткен Айтолқын Әбдіқадыроваға алғысымыз шексіз», деді ата-аналар атынан тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара. Оның үш баласы бірдей тіл үйрету курсын бітіріп отыр.
 
esmuhanДата: Вторник, 20/Май/2008, 16:36 | Сообщение # 205
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Күншығыс елінде волейболдан Бейжің Олимпиадасының әйелдер арасындағы іріктеу турнирі жалауын көтеріп, төрт жылда бір өтетін дүбірлі доданың соңғы жолдамалары сарапқа салына бастады.
Жапониядағы жауапты сын сенбі күні басталған. Содан бері барлық командалар екі ойыннан өткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы осы турнирдің фавориттері болып саналатын Еуропаның азулы командаларымен кездесіп, екі матчта да жеңілістің кермек дәмін татты. Бейжің Олимпиадасының іріктеу турнирін Сербия қыздарымен өткізген қыздарымыз, азуы алты қарыс командаға қарсылық көрсете алды деуге болады. Алғашқы екі партияда 19:25 және 12:25 есептерімен ұтылса да, үшінші партияда 25:23 есебімен шабуылы өте тегеурінді команданы бір састырды. Серб қыздары екінші партияда үстемдік танытып, ірі есеппен жеңіске жеткен соң Қазақстан құрамасын оңай шағылатын жаңғақ деп ойлап қалса керек, үшінші партияда босаңдық танытты. Мұны біздің әуедопшы қыздарымыз бос жібере қойсын ба, қарқындарын бәсеңсіткен тәжірибелі қарсыластарын сабаларына түсірді. Бұдан әрі шабуылды үдетпесе, істің насырға шабатынын сезген серб қыздары құйындай орап соғып, төртінші партияда деңгейлерінің жоғары екендіктерін көрсете білді. Есеп – 14:25. Осылайша біздің қыздар 1:3 есебімен ұтылып қалды.
Кездесуден соң Сербия құрамасының бас бапкері Зоран Терзик:
– Әлбетте, кез келген додада бірінші ойын ауыр болмай ма? Біз бүгін бірнеше қателіктерге бой алдырып, өз мүмкіндігімізді толық көрсете алмадық. Әйтсе де мен өз командамның ойнына ризамын. Матч барысында ойын өрнегімізді түзей алдық, ертеңнен бастап бұдан да жоғары деңгейде ойнаймыз деп сенемін, – деді.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Виктор Журавлев:
– Сербия – әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Осындай азулы командамен болған матчта бір партияда жеңіске жеттік. Алайда өз мүмкіндігімізді толықтай жүзеге асыра алмадық. Енді өз ойынымызды паш етуге тырысамыз, – деп үмітін әлде де үзбейтіндігін білдірді.
Бұдан соң біздің қыздар Польша құрамасымен кездесті. Токио турниріндегі тырнақалды кездесуінде Жапония құрамасынан ұтылып қалған поляк қыздары бұл ойынға өте ызалы күйде шықты. Бірден шабуылға көшіп, пәрменді соққыларымен бет қаратпады. Халықаралық рейтинг бойынша төрткүл дүниенің алтыншы командасы болып саналатын Польша қыздары әлемнің он алтыншы командасы болып есептелетін Қазақстан құрамасынан деңгейлері біршама жоғары екендігін іс жүзінде көрсете білді. Сөйтіп, үш партияда басым түсті. Осы үш партияда 20:25, 16:25, 19:25 есептерімен ұтылған Қазақстан құрамасы өзіміз алдын ала пайымдағандай, Еуропа командаларынан айласын асыра алмады.
Матчтан соң Польша құрамасының бас бапкері Марко Бонитта «кеше біз алаң иелерімен өткен тартысты ойында жеңіліп қалып, салымыз суға кетіп еді, бүгін жеңіске жетіп, қуанышқа кенелдік. Біз бүгін кешегідей көп қателік жіберген жоқпыз. Бұл – ойынның ең бастысы» деп мәлімдеме жасады. Ал Виктор Журавлев «халықаралық деңгейдегі айбынды командаларды ұту үшін уақыт керек, тәжірибе жинақтауымыз қажет. Тәжірибенің аздығы, матч барысындағы, әсіресе, доп қабылдау кезіндегі қателіктеріміз ойынымызды мандытпады» деп қынжылды.
Сонымен, алғашқы екі күннің ойындары мынадай нәтижелермен аяқталды:
Сербия – Қазақстан – 3:1
Жапония – Польша – 3:1
Доминикан Республикасы – Таиланд – 3:0
Оңтүстік Корея – Пуэрто-Рико – 3:1
Польша – Қазақстан – 3:0
Сербия – Доминикан Республикасы – 3:1
Жапония – Пуэрто-Рико – 3:1
Оңтүстік Корея – Таиланд – 3:2
Сонымен, алғашқы екі матчта да жеңіске жеткен Жапония, Сербия және Оңтүстік Корея қыздары 4 ұпаймен суырылып алға шықты. Бір ұтылып, бір ұтқан Польша мен Доминикан Республикасы арулары 3 ұпаймен бел ортадан орын тепті. Ал екі ойында да жеңілістің кермек дәмін татқан Қазақстан, Таиланд және Пуэрто-Рико құрамалары 2 ұпаймен көш соңында.
Мамандардың әу баста-ақ Сербия мен Польшаның топ жарарына сенім білдіргендігін ескерсек, біз үшін қызықтың көкесі әлі алда. Себебі басты қарсыластарымызбен енді кездесе бастаймыз. Жолдамалар тағдыры осы ойындарда шешіледі. Біздің құраманың басты мақсаты – Жапония, Оңтүстік Корея және Таиланд қыздарының екеуінен асып түсу. Себебі алғашқы үштікке ілінген командалардан бөлек Азияның бір үздік командасына қосымша жолдама беріледі. Мамандар «Доминикан Республикасы мен Пуэрто-Рико қыздары үштікке іліге алмайды» деп тон пішуде. Ендеше, Азия елдерінің қыздары екі жолдама еншілеуі тиіс. Бүгін біздің құрама Күншығыс елі қыздарымен кездеседі. Бұл – маңызды ойындардың алғашқысы.
 
Форум » Форум » КАЗАХСТАН ТАРИХЫ, История КАЗАХСТАНА » Жаңалыктар (күнделікті жаңалықтарды осы жерден таба аласыздар)
Страница 14 из 14«12121314
Поиск:

Copyright MyCorp © 2016
Используются технологии uCoz