Жаңалыктар - Страница 9 - Форум
SITE LOGO
Пятница, 09/Декабрь/2016, 06:50
Приветствую Вас Гость | RSS
 
Главная Жаңалыктар - Страница 9 - ФорумРегистрацияВход
[ Новые сообщения · Участники · Правила форума · Поиск · RSS ]
Страница 9 из 14«1278910111314»
Модератор форума: esmuhan 
Форум » Форум » КАЗАХСТАН ТАРИХЫ, История КАЗАХСТАНА » Жаңалыктар (күнделікті жаңалықтарды осы жерден таба аласыздар)
Жаңалыктар
esmuhanДата: Четверг, 27/Декабрь/2007, 13:21 | Сообщение # 121
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Оралмандарды үй-жаймен қамтамасыз етуге 12 млрд. 200 млн. теңге қарастырылып отыр

Оралмандарды үй-жаймен қамтамасыз етуге 12 млрд. 200 млн. теңге қарастырылып отыр
АСТАНА. Желтоқсанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Тоқабаев/ - Келер жылы оралмандарды үй-жаймен қамтамасыз етуге 12 млрд. 200 млн. теңге қарастырылған.
Бүгін, желтоқсанның 26-сында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадовтың жолдаған сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің сөзіне қарағанда, өткен 2006 жылы оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 11 млрд. 500 млн. теңге қаражат бөлінсе, ағымдағы жылы бұл салаға бағытталған сома 11 млрд. 452 млн. теңгені құраған. Ал, алдағы 2008 жылы квота арқылы келетін 15 мың отбасы үшін 12 млрд. 200 млн. теңге көзделіп отыр.
«Оралмандарды отанға тарта түсудегі ең күрмеуі қиын мәселе, тұрғын үймен қамту болып отыр. Бұрынғы ереже бойынша министрлік көшіп келгендерге үй алып беруге көмек беріп келген болса, қазіргі таңда бұл шаруа жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Сонымен бірге, оралмандардың отбасындағы адам санына қарай мемлекет есебінен көмек көрсетіліп келеді. Онда бір отбасыға 882 мың теңге қарастырылады. Бұның ішінде 100 айлық есептік көрсеткіш ретіндегі қаражат тұрғын үй алу үшін беріледі. Әрине, бұл 600 мың теңге шамасындағы қаражат жеткіліксіз. Сондықтан да, бұл мәселені алдағы уақытта оралмандарға жер телімдерін беру және салынып жатқан үйлер арқылы жеңілдетілген ипотека ұсыну арқылы шешу жолдарын қарастырамыз», деді министр.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 12:57 | Сообщение # 122
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
ЕСКI ЖЫЛДА ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР - 2007 жылғы саяси оқиғаларға шолу

Өтiп бара жатқан Доңыз жылы елiмiз саяси оқиғаларға толы болды. Ең есте қалатындарын ғана санамалаған күннiң өзiнде саусағымыз жетпей қалатын түрi бар. Сонымен, 2007 жылы саясатта несiмен есте қалды?
Әрине, ең бастысы, Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар. 2007 жылдың 21 мамырында Қазақстан Республикасының негiзгi заңы – Конституцияға өзгерiстер енгiзiлдi. 1995 жылы қабылданған Ата заңымызға бұл енгiзiлiп отырған алғашқы өзгертулер. Конституцияға енгiзiлген жаңа баптар бойынша – елiмiздегi сайлау бұрынғыдай мажоритарлық тәртiппен емес, пропорционалды тәртiппен өткiзiлетiн болды. Яғни, бұдан бұрынғы Парламент сайлаулары бойынша, үмiткерлер өзiн-өзi ұсына алатын мүмкiндiкке ие болып келген болса, бұдан былай бұл жүйе өзгертiлiп, ендi сайлау тек партиялық тiзiм бойынша өтетiн болды. Сөйтiп, елiмiздiң сайлау жүйесi түбегейлi өзгерiске ұшырады. Саяси партиялардың салмағы артты. Бұл өз кезегiнде партиялардың iсiнiң жандануына мүмкiндiк бердi. Елбасы «Нұр Отан» партиясының жетекшiлiгiн қолына алды.
Конституцияға енгiзiлген өзгертулерге сәйкес «Қазақстан Республикасының Президентi туралы», «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының дәрежесi туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлаулар туралы» Конституциялық заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлдi. Саяси билiк президенттiк жүйеден президенттiк-парламенттiк жүйеге ауысты. Ел президентiнiң сайлану мерзiмi бұрынғыдай екi ауысыммен ғана шектелгенiмен, бiрiншi президентке шектеусiз құқық беретiн заң қабылданды. Демек, бiрiншi президенттiң президенттiк өкiлеттiгiне шек қойылмайтын болды.
Маусымның 20-сында Парламент Мәжiлiсiнiң 3-шақырылымы таратылып, кезектен тыс Мәжiлiс сайлауының уақыты белгiлендi. Бұл бұған дейiн тым-тырыс жатқан саяси партиялардың iсiнiң жандануына түрткi болды. Бiздiң партиялардың сайлау үшiн ғана тiрлiк ететiндiгiн бұл жолғы саяси дода тағы бiр дәлелдеп бердi. 6 партия сайлау марафонына қатысып кеттi.
Тамыздың 18-iнде Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауы мен мәслихаттардың кезектi сайлауы дөп келдi. Пропорционалдық жүйенi алғаш тәжiрибеден өткiзген Қазақстанға бүкiл әлем көз тiктi. Шетелдiк бақылаушылар жан-жақтан ағылды. Сайлау барысының барынша ашық, әрi әдiлеттi өтiп жатқандығын шетелдiктер мойындайтындығын бiлдiрдi. Бiрақ, соған қарамастан сайлау қорытындысында Қазақстанда бiр партиялы Мәжiлiс жасақталды. Оппозиция сайлау әдiл өтпедi деп, қанша туласа да, қалыптасқан жағдаймен келiсуге мәжбүр болды. ТМД-лық бақылаушылар сайлаудың әдiл өткендiгiне кепiлдiк берсе, ЕҚЫҰ және басқа да батыстық бақылаушылар сайлауда бәрiбiр әкiмшiлiк заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлiмдедi. Алайда, сайлау барысында орасан зор бұра тартушылықтардың болмағаны немесе болғандығын дәлелдеп бере алмағандығы халықаралық ұйымның да Қазақстандағы сайлаудың қорытындысына мойынсұнуына негiз болды.
БАЙҚОҢЫР. ҚАШАҒАН. ЕҚЫҰ

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:08 | Сообщение # 123
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
ЕСКI ЖЫЛДА ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР - 2007 жылғы саяси оқиғаларға шолу ( жалғасы )

Қырқүйектiң 6-сында Байқоңырдан ұшырылған «Протон» зымыраны апатқа ұшырап, Қазақстан экологиясына әжептәуiр зиянын тигiзген едi. Басында қазақ билiгi жалын күжiрейтiп, өтемақы төленбейiнше, Байқоңырдан «Протон» ұшыруға тыйым салатындығын мәлiмдеген болатын. Бiрақ, көп кешiкпей ол табандылықтарынан айнып қалды. Сөйтiп, ел Республика күнiн тойлап жатқанда, Ресей Байқоңырдан «Протон» ұшырып үлгердi. Ал, 6-қыркүйекте апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышынан келген зиянды есептеп шығаруды кейiнге, жыл соңына шегердi. Бұның да өз астары бар екен. Ресейден 60,7 миллион долларды өтемақы ретiнде өндiрiп алатындықтарын айтып, былайғы жұртты тыныштандырып қойған билiк ендi өтемақының ондаған есеге төмендеп кеткенiмен келiсiп отыр. Қазанның бас кезiнде өтемақы 8,5 миллион долларға дейiн төмендеп едi. 19-желтоқсандағы «КоммерсантЪ» («Казахстан не даст России пуска», «КоммерсантЪ», №234 (3810), 19. 12. 2007) газетiнiң таратқан мәлiметiне қарағанда, бұл сома 2,5 миллион долларды ғана құраған. Демек, қазақ өзiнiң дегенiнде тұра алмайтындығын танытты. Көршi Ресейдiң айтқаны заң болып қала беретiндiгiн көрсеттi. Ресейдiң бұл өтемақысына келiспейтiндiгiн бiлдiрген ресми Астана әзiрге Байқоңырдан келесi жылы ұшатын «Протон» зымыран тасығышының санын екi есеге дейiн азайтатынын айтып қоқан-лоқы көрсетуде. Бiрақ, ресми Астананың бұл былайғы жұртқа көрсеткен доғы ғана секiлдi. Өйткенi, Ресей келесi жылы Байқоңырдан 8, тiптi кейбiр ақпараттар бойынша 12 улы гептилi бар «Протон» ұшыратындығын сенiмдi түрде мәлiмдеп отыр. Ал, Қазақстан оның 4-еуiн ғана ұшыруға рұқсат ететiндiгiн айтып бағуда. Келiссөздер осы жылдың соңында аяқталмақшы. Демек, Ресей бұл жолы да өз дегенiне бағындырмай қоймайтын сынды.
Қазақстанның жыл соңына қалдырған тағы бiр мәселесi – соңғы 30 жылда әлемде ең iрi мұнай қоры табылған Қашаған кен орнын игеру жайы болған едi. The Financial Times газетiнiң жазғанына қарағанда, жыл бойы Қашағанды игеруде өз көздегенiнен танбаған Қазақстан аяқасты тағы да мейрiмдiлiк танытқан. Атап айтар болсақ, жоба жұмыс iстей бастағаннан кейiн 10 жыл бойына жылына 120 миллион доллар алып тұратын болды. Бұл – Қашағандағы мұнайдан түсетiн табыстың бар-жоғы 2%-ы ғана. Оның есесiне Қазақстан ҚазМұнайГаздың Қашағандағы үлесiн арттырмақ. Сөйтiп, 20-желтоқсанда жасалған жаңа меморандум бойынша, Қазақ елi батыстық инвесторларды тағы бiр таңдантты. Бұл шетелдiк инвесторлар үшiн еш жерде, ешуақытта жасалмаған жомарттық. Олар шор-шор алтынға бататындығына қуанды.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:10 | Сообщение # 124
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
ЕСКI ЖЫЛДА ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР - 2007 жылғы саяси оқиғаларға шолу ( жалғасы )

Жыл соңындағы ең үлкен саяси жаңалық – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiндiгi. Әрине, 2008 жылы болмаса да, Қазақстан 2009 жылы халықаралық ең беделдi ұйым тiзгiнiн посткеңестiк мемлекеттер iшiнде алғашқы болып қолына алады. Ұйымға мүше 56 мемлекеттiң барлығы бiрдей Қазақстанның 2009 жылғы төрағалығына қарсылық танытпады. Бұл елiмiздiң әлемдiк қауымдастық алдындағы ең үлкен жеңiсi десе де болғандай. Оппозициялық газеттер жазып жүргендей, бұл қазақ мұнайы үшiн жасалған айырбас болса да, елiмiздiң демократиялық даму жолындағы бетбұрысына берiлген баға болса да, әйтеуiр көздеген мақсаттың үдесiнен шыға бiлдi.
Мiне, 2007 жылғы айтулы оқиғалардың тiзiмi осылай.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:10 | Сообщение # 125
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Өткен жыл қазаққа қалай болды?

АСТАНА. Желтоқсанның 28-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек...» Бұл -1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы санында дүйім қазаққа айтылған ойдың (редакциялық мақаланың) мысқалдай ғана үзігі. Ғасырға жуық уақыт бұрын айтылған осы сөз бүгінгі Қазақ мемлекеті үшін өзектілігін әлі жойған жоқ.
Отаршыл-әміршіл кеңестік жүйенің құрсауынан босанып, тізгінін өз қолына алған мемлекетіміз кеше ғана Тәуелсіздігінің 16 жылдық белесін артқа тастады. Ал алдымызда алар асуымыз бен шығар биігіміз одан да көп. Және бұл жолда жаһанданудың алапат бәсекесіне дес бермей, бауырымыз бүтін, экономикамыз мығым шығудың амалын табу керек. «Қазақ» газетінің тілімен айтсақ, «дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр». Біз де есікте қалмай, төрден орын алудың қамын істеп, бірде биікке, бірде еңіске тартатын, қалтарысы мен дағдарысы, бұралаңы мен даңғылы алма-кезек түсетін жаңа дүниенің аумалы-төкпелі жолында көш бастаған елудің қатарына іліксек деп, ентелеп келеміз. Алдымен құйрық тістесерге жетсек, сосын үзеңгі қағысарға келсек, арман не?! Осы арманның жетегінде ат жалына жармасып, тізгінін өз қолына ұстаған жас Қазақ мемлекеті есеюдің тағы бір жылын кейінге қалдырып барады. 2007 жыл бүгінгі Қазақ мемлекетіне қалай болды?

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:11 | Сообщение # 126
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Экономиканың күйі қалай?

Доңыз жылы ел экономикасының тұрақтылығын сынаған, сонымен бір мезгілде жалпы жұртымыздың ырыс-берекесін арттырып, халықаралық қауымдастықтағы беделін де нығайта түскен жыл болды.
2007-ші жыл Кәрім Мәсімовтың Премьер-Министр болып тағайындалуымен және Үкіметтің жаңа құрамының қызметке кірісуімен басталғаны есте болар. Қаңтардың 12-сі күнгі Министрлер кабинетінің алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде К. Мәсімов: «Алдымызда өте күрделі және маңызды шараларды қабылдап, оларды сапалы әрі уақытында орындау міндеті тұр... Бұдан бөлек басқа да шұғыл және кезекті мәселелер аз емес», дей келе, бұл ретте экономикада, әлеуметтік салаларда, өңірлерді дамытуда қордаланып қалған бірқадау мәселелерді тез арада шешу жаңа Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттер екенін айтқан-ды. Осы орайда атқарушы биліктің іс-қимылдарының, қабылданатын шешімдерінің, ұйымдастырылатын жұмыстарының барлығы «Қазақстан-2030» старегиясында айқындалған міндеттер мен еліміз алдыға қойып отырған әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енуіне мақсатталды.
Жалпы ағымдағы жылы К. Мәсімов басқаратын Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау мен дамыту, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру, аграрлық саланы дамыту, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс істеді. Бұл міндеттер қаншалықты тиімді жүзеге асырылды, бұған дәл қазір нақты жауап беру қиындау. Дейтұрғанмен, тұтастай алғанда Үкіметтің жыл басында Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттер үдесінен табылуға тырысқаны анық.

Дегенмен, 2007-ші жылдың жалпы Қазақстан үшін ауыртпалығы аз болмады. Тиісінше Үкіметтің де ең алдымен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында туындаған тығырықтардан жол табу үшін біраз терлеп-тепшуіне тура келді. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін қалыпты режімде жұмыс жасаған Министрлер кабинетіне, екінші жарты жылдықта АҚШ-тың ипотекалық рыногында орын алған дағдарыстың салқыны Қазақстанның да қаржы жүйесінің жүйкесін жұқартқан кезде, сондай-ақ дүние жүзінің азық-түлік нарығында туындаған тапшылықтардың салдары еліміздің нарығына да тікелей әсер еткен сәтте өзінің кәсібилігін танытуға тура келді. Жоғарыдағы екі құбылыстың бастапқы қарқыны тау қопарарлықтай болғаны рас. Алғашында оның әсері Үкіметті біраз састырғандай да болды.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:12 | Сообщение # 127
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Экономиканың күйі қалай?

Дегенмен, аталған дағдарыстар Қазақстан экономикасын шатқаяқтатып, тұралап қалуына ықпал ете алмады. Бұған ең алдымен Үкіметтің сол дағдарыстардың қарқындауына жол бермей, олардың салдарын жою үшін дер кезінде қолға алған шаралары себепкер болды. Бұл қандай шаралар? АҚШ-тың ипотекалық нарығындағы дағдарыстың салқыны еліміздің қаржы жүйесіне де әсер етіп, нәтижесінде екінші деңгейлі банктер құрылыс индустриясына қаржы салуын күрт азайтқаны белгілі. Бұл өз кезегінде еліміздегі тұрғын үй құрылысының тиісті деңгейде дамуын біраз тежеді. Елбасының тапсырмасы бойынша мәселенің мән-жайын терең зерттеген Үкімет еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылыс секторындағы жағдайды тұрақтандыруды және үлескерді қолдаудағы тетіктерді жүзеге асыруды; шағын және орта бизнесті қолдауды; инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыруды алдағы іс-қимылының негізгі басымдықтарына жатқызды. Осы үш бағыттағы жұмысты жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қайтарымды негізде 2007-2008-ші жылдары 4 млрд. теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылданды. Үкімет құрылыс секторына, шағын және орта бизнеске және инвестициялық жобаларға «Қазына» тұрақты даму қоры және екінші деңгейлі банктер арқылы көмек көрсетуін бастап кетті. Мұндағы ең басты мақсат - тұрғын үй құрылысына үлеспен қатысушылардың құқығын қорғау, экономикалық дамудың негізі болып табылатын шағын және орта бизнестің болашағын баянды ету, табыс мол алып келетін инвестициялық жобаларды ынталандыру.
Бір қарағанда, қасаң сөзден құрылған, айтыла-айтыла жауыр болған, сансыз көп «құрғақ мақсаттардың» бірі секілді көрінуі мүмкін. Ал тереңірек үңілсек, мұның ар жағында тірнектеп жиғанын болашақ үйінің құрылысына салып тастап, құрылыс кешікен сайын жаңа үйден дәмелері көзден бұл-бұл ұшқан, енді қайтерін білмей, абыржыған қарапайым жұрт – сіз бен біз тұрмыз. Қазір мұнай-газ бен өзге де өндіруші салалардан тысқары, өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың басым бөлігі нәпақасын шағын және орта бизнестің төңірегінен тауып жүр. Демек, елінің қамын, азаматтарының мүдделерін ескерген мемлекеттің мұндай қадамға баруының сыры да осы болса керек.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:13 | Сообщение # 128
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Сонымен қатар, биыл Үкіметтің түн ұйқысын төрт бөлген мәселелердің бірі – еліміздегі азық-түлік нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Арғысы АҚШ, бергісі Еуроодақ елдерінің нарығында қалыптасқан азық-түлік тапшылығы еліміздің рыногына да тікелей әсер еткені белгілі. Нәтижесінде қыркүйек пен қазан айларында халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы күрт қымбаттап, тіпті күнбағыс майы мен қант, тұз сияқты кейбір тауарлардың дүкен сөрелерінде жоқ болып кетуі қарапайым халықты біраз әбігерлеп, састырғаны рас. Мұндай жағдайда да істің мән-жайын мұқият зерттеп, мәселенің байыбына барған Үкіметтің тиісті шараларды уақтылы қабылдауынан кейін барып, қауіптің беті сейілді. Түйіндеп айтқанда, Министрлер кабинеті тосын жағдайларда кәсіби тұрғыдан жұмыс істей алатындығын көрсетті. Жалпы республикамызда азық-түлік тауарлары бағасының айға жуық уақыт шайқалып, тұрақсыз болуы делдалдар мен алыпсатарлардың, жалпы рынокты монополияландырғысы келетін топтардың ойыны екені анық білінді. Осылайша, жоғарыдағы дағдарыстың алдын алған Үкіметтің іс-қимылдары Қазақстанның экономикасы аяғынан мығым тұрғандығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Бұған қоса Қазақстанның банк жүйесінің дүние жүзіндегі қаржы институттарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатыны биылғы дағдарыс кезінде білінді. Мұны отандық және шетелдік сарапшылар да мойындап отыр.

Жалпы өтіп бара жатқан жыл еліміз экономикасын әртараптандыруда бірқатар маңызды стратегиялық бағдарламалардың қабылданып, жүзеге асырыла бастауымен де есте қалды. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, еліміздің жеті өңірінде «Жетісу», «Ертіс», «Батыс», «Оңтүстік», «Тобыл», «Сарыарқа», «Каспий» сынды Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл Үкіметтің жоғарыда айтып өткен сегіз міндетінің бірі - өңірлерді дамыту мақсатында атқарылып жатқан шаруа.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:13 | Сообщение # 129
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Өңірлерге бет бұру - іс жүзінде ауылға бір табан жақындау, ауылдық елді мекендердің шаруа-экономикалық әлеуетін көтеру болмақ. Ал ауылда Қазақстан халқының 40 пайызы тұрып жатыр.
Әлбетте, бұл қадамдардың игілігін дәл биыл немесе алдағы жылы көреміз деу асығыстық. Бірақ бір нәрсе анық. Биыл қолға алынған шаралардың бәрі бүгінгі экономика тілімен - «мултипликативтік», ал жалпақ тілмен айтсақ, көл-көсір игілігін алдағы бірер жылда беруі тиіс.

Бұған қоса экономиканы әртараптандыруға тың серпін беретін «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында еліміздің әр өңірлерінен экономиканы алға сүйрейтін серпінді жобалар сұрыпталып, қазіргі таңда экономиканы ілерілетуші жобалардың құрылысы басталып та кетті. Ағымдағы жылғы шілденің басында Мемлекет басшысы Астана қаласының индустриялық паркі аумағындағы 3 зауыт құрылысының іргетасына капсула қойып, серпінді жобалардың тұсауын кесті. Сол күні бағдарлама негізінде еліміздің сегіз аймағында жиырмаға жуық макрожобаның негізі қаланды. Жалпы биыл тағы да осындай сексенге жуық жобаға жол ашылды. Ал үстіміздегі жылғы қарашаның 6-сы елдің жедел жаңару тарихына «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының ресми бастау алған күні ретінде енді. Жалпы бағдарламаға 97 жоба еніп отыр. Олардың жалпы құны 60 млрд. доллар. Осы бағдарлама аясында таяу жылдарда бой көтеретін аса қуатты жаңа технологиялық кәсіпорындар Қазақстанның жаһандық экономикада лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін болады.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:14 | Сообщение # 130
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Алтын-валюта қоры –тұрақтылықтың кепілі

Бүгінде Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 млрд. долларға жетіп қалды. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 триллион теңгені құрап отыр. Отандық зейнетақы қорларындағы зейнетақы жиналымдарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Атап өтерлігі, 2000 жылдан бастап біздің экономикамыз ІЖӨ-нің 9-10 пайыздық өсімімен дамып келеді. Биылғы жылы да бұл көрсеткіш сақталып отыр. Биыл елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсермек. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикамызда үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Осының өзі еліміз экономикасының тұрақты дамып отырғандығының, халықтың әл-ауқатының жыл өткен сайын жақсарып отырғандығының айқын көрінісі. Бұған қоса теңгенің долларға шаққандағы бағамының жыл бойы шайқалмай бір деңгейде тұрғанының өзі еліміздің қаржы жүйесінің тиімді басқарылып отырғанының дәлелі іспетті.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:14 | Сообщение # 131
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Нан болса, ән болады...

Биылғы жылы ауылшаруашылық дақылдарының барлық дерлік түрлері бойынша жақсы өнім алынды.Осы жылдың еншісіндегі айтулы оқиғаның бірі ретінде қамбаларда жиналған астықтың аузы-мұрнынан шығуын айтуға болады. Биыл Қазақстанда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш. Қазақстан - астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Түйіндеп айтқанда, Қазақстанның аграрлық саласын дамытуға биыл да зор маңыз берілді. Шаруа адамының қыста ызғардың өтінде, жаздың аптап ыстығында жүріп еткен еңбектері еш кетпеді. Қарапайым шаруа табан ақы, маңдай терімен тапқан табысын дұрыс пұлдайтын дәрежеге жетті. Осы және жоғарыда тоқталған істердің барлығы Қазақстан экономикасының тұрақты дамып отырғандығының, аяғынан мығым тұрғандығының айқын дәлелелі.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:14 | Сообщение # 132
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Саяси жүйені жаңғыртып, демократиялық даму жолында нық қадамдар жасалды

Қазақстан тарихында биылғы жыл тағы бір айтулы оқиғамен есте қалды. Елбасының тікелей бастамасымен еліміздің саяси жүйесін ырықтандыру жұмыстары жалғасын тауып, нәтижесінде Ата заңымызға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізілді. Осылайша 2007-ші жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Жаңа Конституцияның қабыдануы саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігіндегі терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болды. Сөйтіп Қазақстан өзінің демократиялық дамуының жаңа кезеңіне берік тұғыр жасады.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заңымыз бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтілді, жергілікті өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аудырылды. Сөйтіп еліміз демократиялық дамудың тың жолын түсті.
Оның бір жарқын дәлелі ретіде биыл Қазақстанда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын айтуға болады. Жаңа Конституция қабылданып, төменгі палата депуттарының өздерінің өтініштері бойынша Мәжіліс тарқатылғаннан кейін, елімізде ағымдағы жылғы тамыздың 18-де Парламент депутаттары тұңғыш рет партиялық тізім бойынша сайланды. Саяси жүйені реформалауды шындап қолға алған Қазақстандағы бұл сайлау өз кезегінде халықаралық қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде, сайлауды бақылаған байқаушылардың да саны мейлінше көп болды. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде жіберілген ішінара кейбір кемшіліктер тілге тиек етілгенімен, жалпы алғанда дүниенің төрт бұрышынан келген байқаушылар Қазақстандағы бұл сайлаудың халықаралық стандарттарға сай ашық әрі әділ өткендігін мойындады. Сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылардың 88 пайыздан астам дауысын алған «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті. Қалған партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық межені еңсере алмады. Сөйтіп заңға сәйкес, Мәжілістегі 98 орынды «Нұр Отан» партиясының мүшелері иеленді. Осылайша жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның саяси тарихындағы тағы бір жарқын бет ашылды. Бүгінде Парламент «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», деген қағиданы берік ұстанып, атқарушы билікпен ел экономикасын тұрақты дамытуда, әлеуметтік бағыттағы істерді дөңгелетуде үйлесімді жұмыс істеп отыр.

 
esmuhanДата: Пятница, 28/Декабрь/2007, 13:15 | Сообщение # 133
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткіздік

Саяси жүйені ырықтандыру Қазақстанды биыл тағы бір қомақты табысқа жеткізді. Еліміз өміріндегі биылғы айрықша оқиғалардың бірі – қараша айының соңында Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің бірауыздан Қазақстанның 2010-шы жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдауы болды. Бұл шын мәнінде халықаралық аренадағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға болды. Осы шешімімен әлемдік қоғамдастық Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында экономика, саясат, әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын танып, мойындады. Осылайша бұрынғы посткеңестік елдердің, соның ішінде Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің, сондай-ақ жалпы түркі әлемінің ішінде Қазақстан бірінші болып әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымға төрағалық ету құқығына ие болды. Сөз жоқ, дүниенің төрт бұрышына ықпал етіп отырған ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Қазақстанға бұлайша бүйректерінің бұруына біздің елде соңғы жылдары қолға алынған саяси жүйені ырықтандыру, азаматтық қоғамды дамыту, сөз бостандығына даңғыл жол ашуы сынды істер ықпал етті. Енді ЕҚЫҰ Қазақстаннан ұйымда қордаланып қалған бірқатар проблемаларды шешуде тың ұсыныстар мен идеялар күтіп отыр. Тәуелсіздіктің 16 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Біз өзіміздің болашақ төрағалығымыздың негізгі міндеттерінің бірі Ұйымның барлық мүшелерінің тең құқылығын және тарихи, мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, қалыптасқан проблемаларда ортақ қағидалары және өзара тиімді шешімдер табу деп ойлаймыз. Біз ЕҚЫҰ институттарын одан әрі дамыту және нығайту, сол сияқты ЕҚЫҰ-ның жоғары принциптері мен стандарттарын бекіту және сақтау, Ұйым қызметінің барлық үш өлшемін бірдей дамыту бағыттарында жұмыс істейтін боламыз», деп атап көрсеткен болатын. Қашан да көтерген бастамасы ұтымдылығымен ерекшеленетін Қазақстанның діттеген үдеден шыға алатынына сенім мол.
Осылайша, Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 16 жылдығын елеулі табыстармен өткеріп отыр. 2007-ші жыл біздің елді өмірдің қай саласында болмасын шыңдай түсті. Еліміз өркендеген және бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында салмақты түрде алға жылжыды. Елбасының сөзімен айтар болсақ: «Алдымызға қойған міндетіміз қанша қиын болса да, біз жаңа даму кезеңіне түстік. Тәуелсіздікті құру, экономиканы жетілдіру, тығырықтан шығу бір мәселе. Ал жаңа даму сатысына көтеріліп, ғылым мен білімнің шыңына жетіп, дүниедегі ең озық технологияны үйреніп, Қазақстанда енгізу – бұл басқа жағдай». Сондықтан, қазір қол жеткізген табыстарға масайрап, арқаны кеңге салатын кез емес. Алдымызда шешуді қажет ететін жаңа міндеттер тұр. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған жыл басы – тышқан, яғни 2008 жылы қолға алған әрбір ісіміз нәтижелі әрі берекелі болғай!

 
esmuhanДата: Суббота, 19/Январь/2008, 11:04 | Сообщение # 134
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Абай" шахтасындағы жарылыстан зардап шеккен алты адамның жағдайы ауыр, деп хабарлады агенттік "Абай" шахтасындағы жарылыстың себептерін тергейтін үкіметтік комиссияның жасаған хабарламасына сілтеме жасай отырып.
"Үкіметтік комиссиясының шақыруымен РФ денсаулық сақтау министрлігінің Вишневский атындағы хирургия институтының күйік орталығының меңгерушісі, бас комбостиолог Андрей Алексеев атап өткеніндей, " зардап шеккен алты адамның халы күйік ауруының ерекше жүруіне байланысты және бастапқы кезеңде ауыр зардаптардың туындауынан ауырлана түсуі ықтимал".
Сондай-ақ, Қарағандыға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің реаниматоры, профессор А. Жақыпов және ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологы А. Колос келді, деп хабарлады үкіметтік комиссия.
"Олар барлық ауруларды қарап шығып, емдеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру жөнінде шешім қабылдады ", - деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургы, емдеу профилактикалық жұмыстары департаментінің директоры, профессор Бықытжан Сексенбаев.
"Зардап шеккен кезден бастап барлық ауруларға кәсіби медициналық көмек көрсетілуде. 18 қаңтарда олардың бәрінің денсаулықтары тұрақталып, сегіз адам бері қарап, жазылып келе жатыр ", - деді Б. Сексенбаев.
Бұдан бұрын хабарлағанындай, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Абай" шахтасында 11 қаңтарда метан жарылып, соның салдарынан 30 кенші қаза болды. Ал 14 шахтер бүгінгі кезде "Абай" поселкесі мен Қарағандының облыстық орталығындағы ауруханаларында емделуде.
 
esmuhanДата: Суббота, 19/Январь/2008, 11:04 | Сообщение # 135
Генерал-майор
Группа: Проверенные
Сообщений: 279
Статус: Offline
Алматыда өз әріптестерін 15 мың АҚШ долларынан астам сомаға алдап кеткен автосалон менеджері ұсталды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне қаланың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 24 жастағы жігіт қала автосалондарының бірінде менеджер болып қызмет істеп жүріп, өзінің әріптестеріне қаланың банк құрылымдарында жақсы таныстарының бар екендігін желеу етіп, ірі көлемде несие алуға көмектесе алатындығын айтқан.
Полицейлердің хабарлауынша, ол несиенің рәсімделуін жылдамдату үшін үш әріптесінен бес-алты мыңнан АҚШ долларын алған (бұл банктен талап етілген қаржының көлеміне байланысты болған). Жас жігіттің берген уәдесі айларға созылған. Делдал бірнеше апта бұрын тұратын жерін ауыстырып, телефонын өшіріп, ізім-ғайым жоқ болған.
"Алданған азаматтар полицияға ресми түрде шағымданған. Жәбірленушілердің әрқайсысы күдікті туралы әртүрлі мәліметтер бергендіктен, алаяқты іздеу қиынға соқты. Тек оны қолға түсіргеннен кейін ғана оның жеке басын куәландыратын үш құжаты бар екендігі белгілі болған және де олардың әрқайсысында туған жылдары мен туған жері әртүрлі жазылған",- деді Түріксіб АПБ бастығы полиция полковнигі Марат Жексенбеков.
Полиция полковнигінің айтуынша, жігітті "Мамыр" ықшамауданында жалдап тұрып жатқан пәтерінен ұстаған. "Ол баспананы бөтен адамдардың ақшасы есебінен айына 1 АҚШ долларына жалдап тұрып жатқан. Сондықтан да, алаяқтық жолмен тапқан ақшадан ештеңе қалмағандығы таң қаларлық емес. Жауап алу кезінде ол осы ақшаларды күнделікті жұмсап жібергендігін айтқан".
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдын ала тергеу кезінде полицейлер тағы бір жәбірленушіні - Талғар қаласының тұрғынын іздеп тапқан, алаяқ несие алуға көмек көрсеткені үшін жәбірленушіден "Субару" маркалы көлікті алып қойған.
"Бүгінгі күнде ұсталған күдіктінің тек Түріксіб ауданы бойынша төрт алаяқтық дерекке қатысы бар екендігі дәлелденген. Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіштің айтарлықтай өсетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да ол туралы мәліметтер барлық аудандық ішкі істер басқармаларына жіберілген. Күдіктінің іс-әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177-бабында қарастырылған (алаяқтық). Алаяқ қамауға алынды",- деп қорытындылады өз сөзін М. Жексенбеков.
 
Форум » Форум » КАЗАХСТАН ТАРИХЫ, История КАЗАХСТАНА » Жаңалыктар (күнделікті жаңалықтарды осы жерден таба аласыздар)
Страница 9 из 14«1278910111314»
Поиск:

Copyright MyCorp © 2016
Используются технологии uCoz